Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 95-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды

 2019 жылдың 22 қазанында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауретаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойына арналған «ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВ ӘЛЕМІ: ШЕБЕРЛІК ФЕНОМЕНІ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырған шараға мемлекеттік ұйымдар өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, білім және мәдениет қызметкерлері, ақын-жазушылар, азаматтық қоғам институты және БАҚ өкілдері мен білім алушылар қатысты.

«Ә.Нұрпейісов және XXI ғасырдағы әдебиет пен өнер»,
«Жазушы тұлғасы және қазіргі БАҚ мәселелері» тақырыбы кеңінен сөз болған конференция тұжырымдамасы: Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегі аясында заманымыздың заңғар жазушысы, әлем және ТМД елдеріне танымал қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақ PEN International негізін қалаушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің руханияттағы дара орнын және оның әдеби дамуға қосқан үлесін байыптау.

Жиынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы ашып, ЕҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі Сыдықов Ерлан Бәтташұлының құттықтауын жеткізді.

Конференцияда ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жабайхан Әбділдин «Ел мұраты және Ә.Нұрпейісов тұлғасы»; филология ғылымдарының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұржан «Ә.Нұрпейісов шығармаларындағы адамтану концепциясы»; Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Әсима Ишанова «Ә.Нұрпейісов романындағы кейіпкерлер»; ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы «Әбдіжәміл Нұрпейісов – аса көрнекті жазушы, қазіргі әдебиет классигі»; Венеция Ка-Фоскари университетінің ғалымы, PhD Джулио Сербо (Италия Республикасы), «Әбдіжәміл Нұрпейісов: жазушы және оның уақыты»; Мехико Туризм технологиясы университетінің ғалымы, PhD Хосе Умберто Баеза Эстрада (Мексика құрама штаттары) «Қоғам және өнер өрісі» тақырыбында, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ, профессор Сәуле Тапанова, журналистика және саясаттану факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Тахан, журналистика және саясаттану факультетінің 2 курс магистранты Бекарыстан Аманжол арнайы баяндама жасады.

Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын, филология ғылымдарының кандидаты:

Бір кездері Аралдың айдынында аққудай тербелген кемелер бұл күндері ақ құм ішінде адасып өлген таулардай болып, әр жерде теңкиіп-теңкиіп тұрғанын біз, оқырман, өз көзімізбен көрдік. Күллі әлемнің кемелері кеп көңіл айтса болғандай кейіпте. Міне, сол кемелер Әбдіжәмілдей көркемсөз шеберінің шығармаларында темірден соққан кеме қалпынан шығып, қасіретімен үрей шақыратын бір-бір трагедиялық тұлғаларға айналған.

Осындай өлкенің тағдыры қаламгерге «Соңғы парызды» амалсыз жазғызды.

Баяғы ұлы Татис мұхитының бір бөлшегі болып бөлініп қалған Арал, сарғайған тарихтан қарап тұрған Сақ патшасы Томирис кеп атын суарған Арал, Ескендір Зұлқарнайдың табаны тиген Арал, ұлу қабыршақтарының көзімен қарап, бара қалсаң, кешегі су, бүгінгі құм денесімен тынысыңды тарылта жөнелетін Арал, адамзатқа өкпелі Арал, жазушының осы «Соңғы парызында» оқырманына бар мұңын ақтарып отырғандай әсер береді.

Адам су үшін жаратылды ма, су адам үшін жаратылды ма, біз оны қайдан білейік. Білетініміз – бір мақал, яғни, «сусыз өмір жоқ». «Соңғы парыздың» кейіпкерлері мына дүниеге сол судың көзімен қарайтындар. Өздерін бір басқа, теңізді бір басқа әлем деп санамайтындар. Өздерін тартылып бара жатқан теңіздің тамшысымыз деп есептейтіндер және одан тартылып бара жатқан өз ғұмырларын көретіндер. Уақыт та адамдарды ұрттап тауысады. Теңіз қайтар, бірақ адам қайта ма. Қайтса, оның ұрпағы болып қайтар. Бірақ әр адам – әр басқа. Қаламгердің теңізбен тағдырлас кейіпкерлерінің тағдырын көріп отырып осындай ойға кетесің.

«Теңіз тартылғалы бұл өңірдің халқының ісі мен мінезі ұсақтап барады» деп жазады автор. Ал орыс әдебиетінің көрнекті тұлғасы Николай Анастасьев Әбдіжәміл қаламгердің «Соңғы парызын» оқып шыққаннан кейінгі әсерін «Осынау алақандай балықшы ауыл тағдырының сыртында бұлаңдап әлем қасіреті бой көрсеткендей. Әлемдік экологиялық апат бой көрсеткендей» дейді.

Жаратылыстану мен адамтану – екі бөлек сияқты көрінгенімен, әлемдік экология апатқа ұшыраса, адам аман қалады дегенге сену қиын. Сенбейтінге сеніп, көнбейтінге көніп өле жаздаған дәуірі аз ба адам баласының. Дегенмен, тек Арал ғана емес, әлемдік экологияның денсаулығы жақсарып, тәуір болып кетер дегенге, сүйек сіңді әдетпен,  бәрібір сенгіміз келіп тұрады. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызындағы» адам мен табиғат тағдырының бүгінгі кейпі енді бір жүз жылдан кейінгі оқырмандарды, кенересі толып, кемелері керуен-керуен болып айдында жүзген, балықты-балдырғанды Аралдың жағасында ән салып отырған оқырмандарды «ойпыр-ай, Арал теңізі сондай қиын шақтарды да бастан кешіріп пе еді» дегізетіндей жақсы заман болатынына сенгіміз келеді. Егер дәл солай болып дүние өзгерсе, Әбдіжәміл ғұламаның табиғатты қорғау жайлы жанайқайы адамзатты ақылға шақырса, «Соңғы парыздың» парызы орындалар еді.  

Ғылыми-практикалық конференция түс қайта журналистика және саясаттану факультеті мен филология факультетінде секциялық жұмыспен жалғасты.