Презентация: әсерлі слайд парақшалары, дизайн және жазу мәнері

19 қараша күні, Журналистика және саясаттану факультеті, «Қоғаммен байланыс» мамандығының 2-курс магистранты — Тәжібек Гүлбану Аширбекқызы педагогикалық іс-тәжірибе аясында ашық сабақ жүргізді. Ашық сабақ «Академиялық хат» пәнінен, «Презентация: әсерлі слайд парақшалары, дизайн және жазу мәнері» тақырыбында ҚБ-11 тобына дәріс түрінде өткізілді. Сабаққа ЕҰУ «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Дүйсенғазы Серікзат Мақсұтұлы қатысты.

Ашық сабақ барысында тақырып бойынша дәріс оқылды. Жалпы студенттерге презентацияның мақсаты, оның ерекшелігі, дизайн жасаудың қыр-сыры мен флайер парақшаларды дайындау барысы түсіндірілді. Сондай-ақ топтық интерактив орындалды (студенттерге екі түрлі слайд жіберілді, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтады). Және әр топ үйге берілген тапсырманы презентация арқылы таныстырып, 5 минуттан сөйледі. Бір топты келесі топ бағалады.

Магистрант Тәжібек Гүлбану Аширбекқызы ашық сабақты жан-жақты өткізе алды: аудиториясымен байланыс орнатып қана қоймай, уақытты да тиімді пайдаланды. Ал тақырыпты қалай түсінгенін білу үшін, дәріс соңында студенттер арасында кері байланыс орнатты.