Смағұл Рахымбектің 70 жылдығына арналған еске алу кеші

Қазан айының 22 күні Журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен белгілі публицист-жазушы, ақын, «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ бас редакторы қызметін атқарған Смағұл Рахымбекті еске алу кеші өтті. Кеш ҚР "Бас редакторлар клубы" және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылми кітапханасы қолдауымен өтті.

Өзінің саналы ғұмырының 42 жылын еліміздің телевизия саласына үзіліссіз арнап, адал еңбек еткен қаламгер бірнеше мәрте Елбасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ол «Ұлылар жерінің ұлағаты», «Қазыналы Қостанай», «Би биігі», «Күй күмбезі», «Тәуелсіздік толғауы» секілді ондаған деректі фильмдердің авторы. Ресейдің Федеральдық Свердловск киностудиясы түсіріп, ТМД елдеріне көрсеткен «Дети Акмолы» әйгілі деректі фильмінің кеңесшісі. Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағын ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің жеке ұсынуымен алуы да атап өтерлік жайт.

Журналист-жазушы Смағұл Рахымбек «Ару мен Арлан», «Көңіл шуағы», «Темір тордағы тіршілік» , «Айдындағы ақ желкен» секілді прозалық кітаптардың, бірнеше жыр жинақтарының авторы. «Көңілді көлеңкелер», «Думандағы» - думан» пьесалары Қорғалжын халық театрында және «Думан»  көркемөнерпаздарының қоюында сәтті сахналанған.

Қаламгер қазақ тіліне орыс ақындары Е.Баратынскийдің, С.Есениннің, А.Орловтың, В.Гундаревтың жырларын, француз жазушысы Анри Камидің «Сын трех мушкетеров» романын, Петр Красновтың «Кинематография» повесін және басқа да туындыларды тәржімалады. Осы еңбектері үшін 2008 жылы Ресей Федерациясы елшілігінің Қазақстандағы Ғылым және мәдениет орталығы - «Росзарубежцентр» Өкілдігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Смағұл Рахымбек «Нұр Отан» ХДП-ы Президент Телерадиокешеніндегі бірлескен бастауыш ұйымының төрағасы ретінде үлкен қоғамдық жұмыстардың атқарылуына зор үлес қосты. 

2012 жылдың өзінде ғана Смағұл Рахымбектің бастамашылығымен және ұйымдастыруымен еларалық, отандық  бірнеше жүздесулер өтті. Оларға қоғам, мемлекет қайраткерлері мен рухани ілімдер жетекшілері, құқық қорғау саласының басшылары қатысты.

Елімізге белгілі публицист-жазушының шығармалары мен туындылары «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде, өзге де мерзімді басылымдарда жиі жарияланды. насихаттайды.

Қаламгердің шығармашылығы жайында өз уағында ұлы ақын Қуандық Шаңғытбаев, көрнекті ақын Қайрат Жұмағалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов және басқалар жақсы бағалар берді.