Студенттер ұлттық арнаның шеф-редакторы Нұргүл Ахметовамен кездесті

Нұргүл Ахметова “Қазақстан” ұлттық арнасында 15 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта аймақтардың шеф-редакторы қызметін атқаруда. Республика бойынша 16 аймақтық тілші мен шет мемлекеттерде 6 меншікті тілшінің мәтінін тексеріп жүрген Нұргүл ханыммен кездесу бір сағатқа созылды. Мастер класс барысында телевизияда редактор қандай қызметтер атқаратынын, тікелей эфир мүмкіндіктері мен қызықтарын, жас журналисттің қандай дағдыларды осы бастан қалыптастыра беру керек екендігі сөз болды. Нұргұл ханым тікелей эфирде ненің үлкен рөл ойнайтынын, көгілдір экранның артында қаншама еңбек жасалып жатқанын тілге тиек етті. Мысалы, жақында біткен сайлау уақытында эфир қызметкерлері 19 сағат бойы үздіксіз хабар таратыпты.

     Әдеттегідей, студенттер тарапынан да біраз сұрақтар қойылды, сюжеттер ортаға салынып, талқыланды. Фейк ақпарат, дипломсыз журналисттер, шет елде меншікті тілші болу үшін қандай талаптарға сай болу қажет деген сауалдар қойылды. Жас журналисттерге Нұргүл ханым “Мінез болса, жаңалықтардан бастаңдар. Ол жерде батыл болу керек. Жаңалықтар сендерді шыңдайды.”,- деп, жауабын өз кеңесімен аяқтады.

     Сөз соңында редактор ханым, “Шапшаң болыңдар, сауатты, мінезді болыңдар. Әрдайым өздеріңді дамытып жүріңдер. Және бастысы– сендер халыққа қызмет еті үшін жүргендеріңді ұмытпаңдар”, - деп, студенттерге деген жылы лебізін жеткізді. Жас журналисттер де өз кезегінде Нұргүл ханымға шығармашылық табыс тілеп, инсайттарға толы мастер класс үшін алғыстарын жаудырды. Кездесу естелік суретке түсумен аяқталды.