Тағылымы мол кездесу

Университет қабырғасында 5 сәуір күні «Қазақстан» телеарнасының 60 жылдығына орай және «Білім декадасы» аясында көгілдір экран журналистерінің қатысуымен семинар-тренинг өтті. Аталмыш кездесу факультеттің жас мамандар шеберлік мектебінің төрайымы Сәуле Есембекқызының ұйытқы болуымен өтті.

Кездесуге «Қазақстан» ҰТА атынан «Апта» сараптамалық бағдарламасының тілшісі Ержан Қалымбайұлы, «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбайұлы келсе, ал «Хабар» телеарнасының шашбауын көтеріп, «Жеті күн» бағдарламасының бас редакторы Дархан Әбдуахит, сол арнадағы бағдарламалар өндірісінің продюсері Әсел Тұрсынғазина және «Біздің назарда» бағдарламасының жүргізушісі Жансая Қожахметова келді. Айта кетейік, семнардың ұйымдастырылуына баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушылары Айгүл Мейрамғалиқызы, Мұрат Мұхтарұлы және Жанерке Ералы өз тараптарынан атсалысты. Кездесу барысында аға ұрпақ өздерінің ізбасарлары-экран жұлдызы боламын деген арманның құшағында жүрген жас журналистермен өзара тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктің шыңырау шегіне қалай жетуге болатынын айтып өтті. Иә, қай уақытта да тележурналистің жұмысы оңай болмаған. Экранның бер жағында отырған көрермен оның әр жағында эфирге дейінгі процестер қалай жүретінін біле бермейді. Телевизия қазанында өнімді қайнатып, оны халыққа ұсыну бір ғана емес, мыңдаған адамның жұмысының нәтижесі мен жемісі. Жаңа технологиялар қарыштап дамып, ақпарат кеңістігі кеңейген дәл қазіргідей кезеңде журналистің қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсті. Сол жүкті абыроймен көтеріп жүрген тренинг қонақтары бүгінгі заманның журналисі қандай болу керек деген студенттер сұрағына талмай іздену мен білім, қажырлы еңбек пен талаптың қажет екенін айтып, нағыз журналист болып қалыптасудың қыр-сырымен бөлісті.  Журналист мамандығының қиыншылығын баяндаған қонақтардың  әңгімесі кім-кімге де ой салды, жастардың осы мамандыққа деген қызығушылықтарын оятты. Бұл жолдың жеңіл мамандық емес, халық алдындағы, қоғамдағы жауапкершілігі жоғары кәсіп екені айтылды.Теорияны практикамен ұштастырудың мән маңызына тоқталған экран журналистері  осындай семинар-тренингтердің көптеп өткізілу қажеттігін айтып өтті. Бұл кездесу ашық пікір алаңына айналды десек те болады. Тренингке келген студент жастар өз ойларындағы көкейтесті сұрақтарын іркілмей қойып, оларға тұщымды жауап алды. Келген қонақтарымыз пікір білдіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар әріптестік аясын кеңейтіп, студент жастарымызды телеарналарда тәжірибе алмасуға шақырды. Бұл ұсынысты басшылық та қолдады. Өндірістік тәжірибеден өтуге қамқорлық жасалуы  олардың тележүргізуші болсам деген армандарының орындалуына апарар алғашқы баспалдақтың бірі. Семинарға қатыса отырып, студенттеріміз жүрек төрі мен көңіл кеңістіктеріне  қажет мол тағылым жинады десе де болады.  Осындай  кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған  Сәуле Есембекқызы, Айгүл Мейрамғалиқызы, Мұрат Мұхтарұлы және Жанерке Ералыға шәкірттері алғыстарын жаудырды. Кездесудің ажарын болашақ журналистердің қойған қызықты сұрақтары мен оларға берілген ұтымды жауаптар аша түсті.  Ұжым атынан келген қонақтарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырды. Олар да өз кезегінде ұжымға  ризашылықтарын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Кеш соңында жиналғандар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ,

Журналистика және саясаттану факультетінің

1  курс магистранты Алтынбек Аяулым