Журналистика және шешендік өнер пәнінен “Діни шешендік өнер” тақырыбында бірлескен сабақ

2022 жылдың 6 қазан күні Сәуле Есенбекқызының ұйымдастыруымен «Журналистика және шешендік өнер» пәні бойынша ҚЖ-41 тобында діни шешендік тақырыбында Дінтану кафедрасының меңгерушісі Мұрат Мұхаммедұлымен бірлескен сабақ өткізілді. Дәріс барысында Мұрат Мұхаммедұлы дін турасындағы біраз өзекті мәселерді қозғап, студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Мәселен, елімізде биыл VII мәрте өткізілген дәстүрлі діндер съезінің маңызы мен нәтижесі туралы тұщымды сараптамалық ойларымен бөлісті. Жалпы съезде тек қана дін мәселесі емес саяси, геосаяси, әлеуметттік, адамзаттық мәселелер көтерілгенін айтып, ондағы дін көшбасшыларының айтылған сөздерін сараптап, дінтанушы ретінде пікірін білдірді.

         Сонымен қатар, дін мен шешендікті байланыстыра отырып, оның ерекшеліктерін, дінде қалай көрініс табатынын, уағызды қалай айту керек, қалай жеткізу керек, оның әдебі қандай деген сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Студенттер осы тақырыпқа қатысты діннің саясаттағы рөлі жайлы, адасушылыққа алып келіп жатқан ағымдар жайлы және діндегі киім кию шарты турасындағы өзекті сұрақтарды қойды.

Мұрат Мұхаммедұлы да өз тарапынан болашақ журналистерге ақыл кеңес  ретінде дін туралы ақпараттың дұрыс таралуы өте маңызды екенін ескертті. 

Дін мен шешендікті байланыстырып, оның ғылыми, саяси, әлеуметтік маңызын түсіну үшін дін тақырыбын жетік меңгерген маманмен тікелей байланыс орнату студенттер үшін өте пайдалы болды.